Жариялау этикасы
«Hikmet» журналы ғылыми мақалаларды қабылдау, рецензиялау және жариялау барысында академиялық адалдық, ғылыми жауапкершілік, әділдік, ашықтық және объективтілік қағидаттарын басшылыққа алады.
Журналдың редакциялық саясаты халықаралық ғылыми қауымдастықта мойындалған COPE (Committee on Publication Ethics) этикалық стандарттары мен ұсынымдарына сәйкес әзірленген.
Жариялау үдерісіне қатысатын барлық тараптар — авторлар, рецензенттер және редакция алқасы — осы этика саясатының нормаларын қатаң сақтауға міндетті.
- Этикалық саясаттың негізгі қағидаттары
«Hikmet» журналы:
- ғылым саласындағы теориялық және қолданбалы маңызы бар, ғылыми жаңалығы анық көрінетін зерттеулерді жариялауды мақсат етеді;
- ғылыми пікір алуандығын құрметтей отырып, академиялық адалдықты негізгі құндылық ретінде таниды;
- жариялау процесінде авторлардың ұлтына, жынысына, діни сеніміне, азаматтығына, лауазымына немесе саяси көзқарасына байланысты кемсітушілікке жол бермейді;
- этикалық нормалардың сақталуын жариялау процесінің барлық кезеңінде қамтамасыз етеді.
- Авторлардың этикалық жауапкершілігі
«Hikmet» журналына мақала ұсыну арқылы авторлар келесі міндеттемелерді қабылдайды:
- ұсынылған ғылыми мақала түпнұсқа, бұрын жарияланбаған және басқа басылымдарда бір мезгілде қаралып жатпаған болуы тиіс;
- зерттеу нәтижелері нақты, шынайы және дәлелді деректерге негізделуі қажет;
- мақалада пайдаланылған барлық дереккөздерге ғылыми стандарттарға сай библиографиялық сілтемелер берілуі тиіс;
- авторлар құрамына тек зерттеуге елеулі ғылыми үлес қосқан тұлғалар енгізіледі;
- қаржылық, институционалдық немесе жеке сипаттағы мүдделер қақтығысы болған жағдайда, бұл туралы ашық түрде хабарлануы тиіс;
- мақала жарияланғаннан кейін маңызды ғылыми қателер анықталған жағдайда, автор редакцияны дер кезінде хабардар етуге және түзету енгізуге міндетті.
- Рецензиялау этикасы
«Hikmet» журналында барлық ғылыми мақалалар екі жақты жасырын рецензиялау (double-blind peer review) қағидаты бойынша қаралады.
Рецензенттер:
- мақаланы объективті, әділ және ғылыми дәлелдерге сүйене отырып бағалауға;
- рецензиялау барысында алынған материалдардың құпиялылығын сақтауға;
- мүдделер қақтығысы болған жағдайда немесе тақырып өз құзыретіне жатпаған кезде рецензия беруден бас тартуға;
- ескертулер мен ұсыныстарды ғылыми этика талаптарын сақтай отырып, сыпайы түрде ұсынуға міндетті.
- Редакция алқасының этикалық міндеттері
«Hikmet» журналының редакция алқасы:
- мақалаларды қабылдау немесе қабылдамау туралы шешімді тек олардың ғылыми сапасы, өзектілігі және жаңалығы негізінде қабылдайды;
- авторлар мен рецензенттердің құпиялылығын толық қамтамасыз етеді;
- рецензиялау процесінің әділдігі мен ашықтығын сақтайды;
- плагиат, деректерді бұрмалау немесе басқа да этикалық бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қолданады;
- даулы жағдайларды қарау барысында COPE ұсынымдарын басшылыққа алады.
- Плагиат және ғылыми адалдықты бұзу
«Hikmet» журналы мақалаларды жариялауға дейін плагиатты анықтауға арналған бағдарламалық тексеру жүйелерін қолданады.
Этика нормаларын өрескел бұзу деп төмендегі әрекеттер танылады:
- плагиат және автоплагиат;
- ғылыми деректерді қолдан жасау немесе әдейі бұрмалау;
- бір ғылыми жұмысты бірнеше басылымда жариялау;
- жалған немесе негізсіз авторлық.
Мұндай жағдайлар анықталған кезде:
- мақала жариялаудан бас тартылады;
- жарияланған мақала кері қайтарылады (Retraction);
- авторға қатысты редакциялық шектеулер қолданылуы мүмкін.
- Құпиялылық және дербес деректерді қорғау
- Авторлар мен рецензенттердің жеке деректері қолданыстағы заңнамаға сәйкес қорғалады;
- Рецензиялау барысында алынған барлық ақпарат қатаң құпия болып табылады;
- Бұл деректер үшінші тұлғаларға берілмейді және жарияланбайды.
- Мақалаларды кері қайтарып алу саясаты
«Hikmet» журналы келесі жағдайларда мақаланы кері қайтарып алу құқығын өзіне қалдырады:
- елеулі ғылыми немесе әдіснамалық қателер анықталған кезде;
- плагиат немесе өзге де этикалық бұзушылықтар дәлелденген жағдайда;
- жалған немесе сенімсіз деректер пайдаланылғаны анықталса.
Кері қайтарылған мақалалар туралы ақпарат журналдың ресми сайтында ашық түрде жарияланады.
- Этика бұзушылықтарын қарау тәртібі
- Этикаға қатысты барлық шағымдар «Hikmet» журналының редакция алқасында әділ, бейтарап және жан-жақты қаралады;
- Қажет болған жағдайда тәуелсіз сарапшылар тартылады;
- Қабылданған шешімдер ресми түрде рәсімделіп, мүдделі тараптарға хабарланады.
Жасанды интеллектті қолдану этикасы
- Авторлық, жауапкершілік және ашықтық
Жасанды интеллект (ЖИ) автор немесе бірлескен автор ретінде танылмайды, себебі ол ғылыми мазмұн үшін құқықтық және этикалық жауапкершілік көтере алмайды. Толығымен немесе елеулі бөліктері жасанды интеллект арқылы генерацияланған мәтіндер ғылыми жарияланым ретінде қабылданбайды.
ЖИ құралдарын пайдалану рұқсат етіледі, алайда олардың қай кезеңде, қандай мақсатта және қалай қолданылғаны мақалада ашық көрсетілуі тиіс (әдетте «Әдістер» бөлімінде). ЖИ көмегімен жасалған кез келген мазмұн үшін толық жауапкершілік авторға жүктеледі.
- Жасанды интеллект арқылы жасалған визуалды материалдар
Барлық жасанды интеллект құралдары генеративті бола бермейді. Қолданыстағы суреттерді немесе кескіндерді өңдеу, біріктіру немесе жақсарту үшін генеративті емес ЖИ құралдары пайдаланылған жағдайда, бұл факт тиісті сурет астындағы жазбада нақты көрсетілуі тиіс.
Егер мақалада жасанды интеллект арқылы генерацияланған кескіндер қолданылса, олардың қалай және қандай мақсатта жасалғаны сипатталып, міндетті түрде «Жасанды интеллект арқылы жасалған» деген белгімен рәсімделуі қажет.



