«Ислам өнері» ұғымын қайта пайымдау
29 6
DOI:
https://doi.org/10.47526/3007-8598.6253Кілт сөздер:
ислам өнері, таухид, арабеск, геометриялық өрнек, хат өнері (каллиграфия), миниатюраАңдатпа
Мақалада «ислам өнері» ұғымын айқындау және оның шекараларын белгілеу мәселесі қарастырылады. Бұл тақырып батыс тарихнамасында да, мұсылман елдерінің академиялық ортасында да әлі күнге дейін пікірталасты күйінде қалып отыр. Авторлар ислам әлемінің көркемдік мұрасын «арабескке» ғана телу немесе оны кездейсоқ тарихи қабаттардың жиынтығы ретінде түсіндіру әдіснамалық тұрғыдан қате екенін дәлелдейді: ислам өнері уахи сүзгісінен өткен және таухид (бірқұдайшылық) идеясына негізделген құндылықтар жүйесі ретінде қалыптасып, әртүрлі аймақтарда сан алуан көрініс табады. Зерттеуде қазіргі интеллектуалдық және әлеуметтік-мәдени жағдайларға айрықша назар аударылады: бүгінгі таңда «ислам» мен «өнер» ұғымдарының қатар қолданылуы көбіне сырттан таңылған ассоциациялармен ығыстырылып, бұл мұсылман халықтардың өзіндік танымына да ықпал етеді. Адамзат тарихының жазылуы шығармашылықтың материалдық айғақтарымен байланысты деген тезис ашып көрсетіледі: адам тіршілік ету мен құлшылық мақсатында түрлі заттар өндіре бастаған сәттен, адамзаттың ерте кезеңдерін нақты ғылыми сипаттауға мүмкіндік туады. Осы тұрғыда археология мен өнер тарихының маңызы айқындалады. Мақалада бейнелеу мен мүсін мәселелері, пұтқа табынушылық пен көркемдік тәжірибелердің ара-жігі, сондай-ақ ислам көркем-өнер тіліндегі абстракция, өлшем, ырғақ және үйлесімнің орны талданады. Уахи сөзіне қызмет ететін әрі ислам мәдениетінің бірегей эстетикалық кодын қалыптастыратын «рухани геометрия» ретіндегі каллиграфияға ерекше назар аударылады. Қорытынды пайым Құрандағы «Нұр» бейнелерімен сабақтастырылып, исламдық көркемдік тәжірибенің ішкі мәнін тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді.



