Журналдың редакциялық саясаты

Қолжазбаны жариялау кезеңділігі

«Ясауи университетінің хабаршысы» белгіленген мерзімде желілік (электронды) және қағаз нұсқасында жылына 4 рет (3 айда бір рет) шығарылады. Атап айтқанда: бірінші нөмір ағымдағы жылдың 30 наурызында, екінші нөмірі ағымдағы жылдың 30 маусымында, үшінші нөмірі ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде және төртінші нөмірі ағымдағы жылдың 30 желтоқсанында жарық көреді.

 Қолжазбаны жариялау шарттары

«Ясауи университетінің хабаршысы» журналы редакциясына автор (авторлар) бұрын жарияламаған, қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде журналдың тақырыптық бағыттарына сәйкес келетін және қатаң түрде қолжазба талаптарына сәйкес рәсімделген мақалалар қабылданады.

Ғылыми мақаланың қолжазбасын автор-корреспондент редакция алқасына журналдың келесі саны шыққанға дейін кемінде екі ай бұрын ұсынады. Журналға жариялау үшін негізгі мәтін кемінде 3000 сөзден тұратын және 7000 сөзден аспайтын ал ағылшын тілінде жазылған мақалаларды жариялау үшін кемінде 10 беттен төмен болмайтын қолжазбалар қабылданады.

Автор қолжазбаны электронды платформа арқылы барлық метадеректер мен оның авторларын көрсете отырып жіберуі тиіс.

Авторлар редакцияға бұрын басқа басылымдарда жарияланбаған (баспа, электронды және басқа ашық көздерде) мақаланың түпнұсқасын ұсынуы қажет. Авторлар зерттеу нәтижелерінің нақтылығы, жаңалығы және дәлелдемесі үшін жауап береді. Қолжазбаны редакциялау кезінде немесе «Ясауи университетінің хабаршысы» журналының рецензенттері тарапынан сарапталуы кезінде, сондай-ақ мақала жарияланғаннан кейін авторлар бұл қолжазбасын басқа басылымға жариялауға ұсына алмайды.

Редакцияның мақала авторларымен және рецензенттермен байланысы OJS электрондық платформасы арқылы онлайн режимде және қажет болған жағдайда электрондық пошта арқылы жүзеге асырылады.

Автор журнал редакциясына мақала қолжазбасының екі нұсқасын жібереді, оның бірінде авторлар туралы мәліметтер (аты-жөні, ғылыми дәрежесі, жұмыс орны, авторлар туралы мәліметтер болуы керек). Ғылыми басылымдар бөлімінің журналға жауапты маманы (редакциялық бөлім) қолжазбаның техникалық талаптарға сәйкестігін тексереді.

Журнал редакциясы автордан/авторлардан келіп түскен қолжазбалардың рецензиясын ұйымдастырады, олар міндетті түрде анонимді рецензиялаудан өтеді. Алынған нәтижелер бойынша журналдың редакциялық алқасы мен ғылыми редактор жариялау туралы немесе жариялаудан бас тарту туралы қорытынды шешім қабылдайды. Орташа есеппен мақаланы жариялау туралы шешім 8-9 ай көлемінде қабылданады.

Мақала жариялау материалдың дайындығына қарай жалпы кезек тәртібімен жүзеге асырылады. Редакция дайындалып жатқан шығарылымдардың айдарларына сәйкес кезек ретін қалыптастыруға құқылы.

 Мәтіндерді көшіру және плагиат

Плагиат үшін ғылыми мақалаларды тексеруді журналдың жауапты хатшысы «Ахмет Ясауи университетінде жазбаша жұмыстарды плагиатқа тексеру Ережесіне» (УЕ-ХҚТУ-100-2019) сәйкес жүргізеді. Ғылыми мақалаларды тексеру Antiplagiat.com лицензияланған плагиатқа тексеру жүйесінің көмегімен жүзеге асырылады (https://iktu.kz.antiplagiat.com).

Ғылыми мақала бұрын жарияланбаған және басқа басылымдарда жариялауға арналмаған ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ұсыну керек.

Журналға жариялау үшін ұсынылған ғылыми мақалалар мәтінінің түпнұсқалығы кем дегенде 75% құрауы керек. Түпнұсқалық нормаға сәйкес келмеген жағдайда және жасанды интеллектпен жасалған мәтіндер анықталса мақала қайтарылады. 75%-дан жоғары нәтиже көрсеткен, журналдың профиліне және басылымға қойылатын талаптарға сәйкес келетін мақала қарауға қабылданады және рецензиялауға жіберіледі.

 Мақаланы рецензиялаудың түрі мен тәртібі

Журналдың редакциясына жіберілген барлық ғылыми мақалалар міндетті түрде қос (екі) жасырын тексеруден өтеді (рецензент қолжазбаның авторларын білмейді, қолжазба авторлары рецензенттерді білмейді).

Мақалаларға пікір беруді рецензенттер - ішкі және сыртқы/шетелдік ЖОО-дың тиісті білім және ғылым саласындағы жетекші сарапшылары жүзеге асырады. Мақаланы сараптау үшін нақты рецензентті таңдау туралы шешімді редакторлар қабылдайды. Қарау мерзімі – 2-4 апта, бірақ рецензенттің өтініші бойынша оны ұзартуға болады.

Әрбір рецензент қолжазба материалдарын қабылдауға әсер ететін айқын мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда сараптаудан бас тартуға құқылы. Рецензент қолжазбаны қарау нәтижелері бойынша өз ұсыныстарын береді:

  • «Мақаланы қабылдау» - егер қолжазбада түсініктемелер болмаса, ғылыми зерттеулердің өзектілігі мен ерекшелігінің талаптарына жауап берген жағдайда қолжазба журналға ұсынылатын жарияланымдар тізіміне енгізіледі;
  • «Мақала қосымша өңдеуді талап етеді» - бұл жағдайда мақала авторларға ескертулерді жою үшін жіберіледі. Рецензенттің ескертулеріне сәйкес түзетілген мәтінді алғаннан кейін редакция мақаланы рецензенттің қарауына екінші рет жібермей, оны жариялауға ұсыну мүмкіндігі бар.
  • «Мақаланы қайта рецензиялауға жіберу» - бұл жағдайда мақала авторларға ескертулерді жою үшін жіберіледі. Түзетілген мәтінді алғаннан кейін редакция мақаланы рецензенттің қарауына екінші рет жібереді. Егер рецензенттің мақалаға елеулі ескертулері болған жағдайда, мақала үшінші рет рецензенттің қарауына жіберіледі. Үшінші ретінде елеусіз ескертулер болса, редакцияның шешімімен жариялауға ұсынылады немесе бұдан кейін де рецензенттің оң пікірі болмаса мақала редакция шешімімен одан әрі қайта қарау құқығынсыз қайтарылады.
  • «Мақаланы қабылдамау» - бұл жағдайда, екінші рецензенттің пікірі оң болса, үшінші рецензентке жіберіледі. Егер де үшінші рецензенттің де пікірі теріс болса, редакцияның шешімімен қабылданбайды.

Редакцияның келесі отырысында пікірлер алынғаннан кейін алынған мақалалар туралы мәселе қаралады және рецензенттердің қорытындылары негізінде мақаланы жариялау немесе жариялаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылданады.

Мақаланы жариялау үшін баспаға дейінгі дайындау міндетті болып табылады және техникалық редакциялаудан тұрады, қабылданған форматтау стандарттары мен журналға мақалаларды жариялау ережелерінің сақталуын қадағалайды.

 Мұрағаттау және қолжетімділік

«Ясауи университетінің хабаршысы» журналының ресми сайтында (https://journals.ayu.edu.kz) (OJS платформасы) оның мазмұны мен толық мәтініне қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Бұл дүниежүзілік ғылыми қауымдастық ауқымындағы қолжетімділікті жақсарта түсетіні анық. Сонымен қатар журналдың сайтында авторлар мен оқырмандар үшін журналдың қызметі туралы қажетті барлық ақпараттар көрсетілген: жариялау шарттары, қолжазбаларды рәсімдеу және журналға ұсыну ережелері қолжазбаларды рецензиялау тәртібі, жарияланым этикасы, редакциялық алқа туралы мәліметтер, басылымның қызметкерлерімен байланыс орнату деректері ұсынылған.

Журналдың барлық оқырмандары мен авторлары басылымның ағымдағы электрондық нұсқаларымен және бұрынғы жылдардағы мұрағаттарымен толық таныса алады.

Авторлық құқық және куәландыру (лицензиялау)

Журналда мақалаларды оқуға, жүктеуге, көшіруге, таратуға, басып шығаруға және олардың толық мәтіндеріне ешқандай шектеусіз авторлық құқықпен сілтеме жасауға мүмкіндік беретін еркін қол жетімділік бар. Авторлар өздерінің авторлық құқығын сақтайды және журналға қолжазбаны бірінші рет жариялау құқығын береді. Бұл ретте барлық жарияланған қолжазбаларға Creative Commons Attribution лицензиясы қолданылады https://creativecommons.org/licenses/by/4.0/, басқа пайдаланушыларға жұмыстың авторлығы мен осы журналға сілтеме берілген жағдайда материалды еркін көшіруге, таратуға және бейімдеуге мүмкіндік береді. Авторлар қолжазбаның жарияланған нұсқасын (мысалы, оны репозиторийлерге орналастыру немесе кітапқа жариялау) осы журналға сілтеме жасай отырып, эксклюзивті емес тарату туралы қосымша келісімшарттар жасай алады. Авторлар өз жұмыстарын онлайн режимінде (мысалы, институттың репозиторийіне немесе жеке веб-сайтқа) рецензиялау процесіне дейін және журналда жарияланғаннан кейін жүктеуге құқылы.

 Құпиялылық шарттары

Авторлар туралы ақпарат - олардың аты-жөні,  байланыс мәліметтері, олардың қызметі мен ғылыми дәрежесі туралы ақпаратты, сондай-ақ халықаралық деректер базасындағы авторлар профилдерінің идентификаторларына сілтемелер мақала тақырыбының алдында орналастырылған.

«Ясауи университетінің хабаршысы" журналы тағайындалған рецензенттерді қоспағанда, үшінші тарапқа жарияланғанға дейін қарауға қабылданған қолжазба туралы ақпаратты жарияламайды.  Сондай-ақ, редакторлар рецензенттер туралы ақпаратты авторларға және басқаларға жарияламайды.

Ашықтық және қолжетімділік  

Журнал ашық қол жетімділік саясатын ұстанады (Open Access). Барлық мақалалар нөмір шыққаннан кейін бірден журнал сайтына тегін орналастырылады. Журналдың ресми сайтында және нақты уақыт режимінде ғылыми мақалалардың толық мәтіні қолжетімді болады.