А. БАЙТҰРСЫНОВ МЫСАЛДАРЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
1070 759
Кілт сөздер:
И.А. Крылов, мысал, А. Байтұрсынов, «Қырық мысал», аударма, тәрбие, адамгершілік, мінез, кемшілік.Аңдатпа
Ахмет Байтұрсынов қазақтың азаматтық тарихы мен рухани-мәдени өмірінде айрықша орны бар нар тұлға. Оның бүкіл өмірі халқының қамын жеп, ұлтына жанкештілікпен қызмет етудің өнегесін танытады. Ол отаршыл өктем елдің қиянаты мен зорлығын бала кезінен көріп, біліп өсті. Қазақ халқының білім алып, ғылым табуда кенже қалып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының төмен болуы да оны ұлт үшін қызмет ету жолына түсірді. Әуелі Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде оқыды, сосын Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірді. 1895–1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде қазақ-орыс мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Ұстаздық ете жүріп И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударумен айналысады. Мысалдары «Қырық мысал» деген атпен Петерборда кітап болып басылып шыққан.
Мақалада А. Байтұрсынов мысалдарының тәрбиелік мән-мазмұны жайында сөз болады. Ақынның И. Крыловтан аударған «Қырық мысалы» – адамды, жалпы адамзатты адамшылыққа тәрбиелейтін айқын ойлы, аса мәнді туынды. А. Байтұрсынов адам мен өмір, қоғам мен заман бойында ұшырасар сан түрлі кемшілік пен қараңғылық, кертартпалықтарды жан-жануарлардың тіршілік, қарым-қатынас әрекеттері арқылы астарлап, перделеп танытады. Ақын халқын сондай сорақылықтардан аулақ болуға, олардан арылуға шақырады. Ақын аудармаларында болсын, төл шығармаларында да қазақты кері тартқан, кесір болған кемшіліктер мен мінез міндерін айқындап, оларды аяусыз сынап, әшкерелеумен болады. Ақын көздеген мақсат-мұрат – халқын надандық пен қараңғылық, кемшілік атаулыдан арылтып ояту, іргелі елдердің қатарына қосу. Мақалада ақын мысалдарының тәрбиелік мән-мазмұны айқындалып талданған.