ШЫМКЕНТ ҚАРАУЫЛТӨБЕСІНДЕГІ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР
0 0
Кілт сөздер:
Оңтүстік Қазақстан, Қарауылтөбе, Шымкент, археология, отырар-қаратау мәдениеті, саманидтер, ортағасырлық керамика, қарауыл мұнарасыАңдатпа
Мақалада Шымкент қаласында орналасқан Қарауылтөбе ескерткішінде жүргізілген апаттық-құтқару археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері қарастырылады. Бұл зерттеулер ескерткіштің стратиграфиясын, оның тұрғызылу кезеңдерін және құрылыс тәсілдерінің ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді.
Қарауылтөбе – әртүрлі топырақ түрлері қолданылып, қабат-қабат етіп жасанды түрде тұрғызылған төбе. Археологиялық зерттеулер барысында төбе мен қуатты сазды платформаның құрылыс ерекшеліктері, сондай-ақ екі хронологиялық қабат анықталды: б.з. I-IV ғасырларына жататын ерте кезең материалдары және X ғасырдағы самани дәуіріне тиесілі ортағасырлық жәдігерлер.
Зерттеу барысында жүргізілген талдау бұл ескерткішті бұрын айтылып келгендей «патша обасы» деп атаудың негізсіз екенін көрсетті. «Қарауылтөбе» атауы ескерткіштің шынайы қызметін – Шымкент қалашығының қорғаныс жүйесіндегі маңызды бақылау бекеті болғанын дәлелдейді.
Қарауылтөбедегі археологиялық зерттеулер 2025 жылы Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК мен «Инженерная археология» ЖШС арасында 2025 жылғы «3» наурызда жасалған № 33 мемлекеттік сатып алу туралы шарт негізінде жүзеге асырылды.