«ҚОРҚЫТ АТА» КІТАБЫНДАҒЫ АДАМҒА ҚАТЫСТЫ ПАРЕМИЯЛАРДЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ САҚТАЛУЫ МЕН ДАМУЫ
164 206
Кілт сөздер:
паремия, мақал, ортатүркі тілі, «Қорқыт ата» кітабы, оғыз тобы, қыпшақ тобы, қазақ тілі.Аңдатпа
Бұл мақалада авторлар «Қорқыт ата» кітабындағы паремияларды салыстырмалы-тарихи аспектіде зерттеуді негізге ала отырып, тарихи паремиялардың қазіргі қазақ тілінде қолданылатын мақалдармен байланысын анықтауды мақсат етеді.
Паремиялар – белгілі бір ұлттың тіліндегі ерекше құрылымдар. Олар әлемдік тілдік бейнедегі дүниетанымдық ерекшеліктер мен ұлттың құндылықтарын белгілей отырып, атадан балаға мирас етіп, куммулятивті қызмет атқарады. Тарихи процесте белгілі бір жағдайда белгілі бір себептермен жасалып, уақыт өтуімен қолданыста сол тілді тұтынушылар тарапынан шыңдалған паремиялар өзінің бастапқы қалпында немесе негізгі прагматикасын сақтай отырып, лексикалық, фонетикалық, грамматикалық, прагматикалық жағынан дамып, синхронды сөздік қордан орын алып, тұтынушылардың коммуникациялық сұраныстарын жүзеге атқаруда. Олардың нақты қай кезде пайда болғаны мен нақты авторының кім екені белгісіз. Дегенмен тарихи паремиялардың авторы белгілі жазба ескерткіштерде таңбаланылуы салыстырмалы-тарихи зерттеулер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар тарихи паремияның әр кезеңдердегі даму ерекшеліктерін анықтауға көмектеседі. «Қорқыт ата» кітабындағы паремиялар сан алуан аспектісімен қызықтырады, солардың бірнешеуі: 1. Қазақ халқында, «Қорқыт атадан қалған» немесе «Қорқыт айтыпты» дейтін мақалдар, шешендік нақылдар, қанатты сөздер, өсиет аңыз-әңгімелер сақталған. 2. Бұл паремиялар басқа да түркі халықтарында кездеседі, сондықтан да ортақ паремия қорын анықтау мәселесі бар. 3. Қазақ халқындағы мақалдардың белгілі бір бөлігі «Қорқыт ата» кітабында тіркелген. Яғни «Қорқыт ата» кітабындағы тарихи паремиялар арадағы 500 жылдан астам уақыт ішінде түрленіп, дами отырып, қыпшақ тобындағы қазақ тілінде белгілі бір конструкция түзіп қолданылады. Демек, мақал-мәтелдер тарих қойнауынан сүзілген ұлттың мәдени болмысын айқын көрсете алатын қасиетке ие.