ЖАЛПЫ ТҮРКІЛІК «БӘД», «ҚОБ» ЭТИМОНДАРЫНЫҢ ЭТИМОЛОГИЯЛЫҚ ЭТЮДТЕРІ
142 320
Кілт сөздер:
сөз мағынасының төркіні, сөз мағынасының тарихы, түркі жазба ескерткіштері, қазіргі түркі тілдері, этимологиялық реконструкция, фоно-морфо-синтагма- семантикалық өріс.Аңдатпа
Белгілі бір сөздің немесе сөздердің төркіні мен тарихын анықтау мақсатын орындау үшін сөздердің бірінің бастапқы мағынасын, екінші бір сөздің басқа мағыналарын, үшінші бір сөздердің лексикалық немесе фразеологиялық тіркес, мақал-мәтелдер құрамындағы мағыналарын талдау, жинақтау және жүйелеу қажет. Бұл мақсат-міндеттердің лингвистика тарихында қарастырылуы ғылым пайда болғалы бар десе де болады. Себебі сөздердің төркіні мен тарихы адам баласын тәжірибелік, ғалымдарды ғылыми тұрғыларда қызықтырып отырған. Ізденістің негізгі нысаны сөз мағынасының тарихы болғандықтан, ретроспективалық әдістің синхрония-диахрония, анализ-синтез, индукция-дедукция, жекелеп және кешенді талдау тәсілдері кеңінен қолданылады.
Мақалада түркі тілдеріне ортақ «қоб», «бәд» түбір сөздерінің түбір сөз, туынды сөз, лексикалық тіркес, фразеологиялық тіркес құрамындағы лексикалық және грамматикалық мағыналары мен грамматикалық формалары толық есепке алына отырып, түркі жазба ескерткіштері мен қазіргі түркі тілдерінің материалдары түгел талдау нысанына айналды. Этимонның этимологиясын зерттеу сөз семантикасы, семантикалық деривация, деривациялық процесс, реконструкция түрлері және семантикалық реконструкция және сөз этимологиясының негізі – компаративистика деген 5 тағаннан тұрады. Этимологиялық талдау жасалатын сөз фонемалық, морфемалық, лексемалық және синтагмалық деңгейлерде, яғни кешенді түрде талданды.
Бұл лексемалардың этимологиясын сөз семантикасы, сөз тіркесі семантикасы, түбір сөз семантикасы, туынды сөз семантикасы, күрделі сөз семантикасы тұрғыларынан талдай отырып, «қоб» семасының архисемасы – «дөңес, қуыс», «бәд» семасының архисемалары: қазақ және жалпы түркі тілдерінде «бет», араб тілінде «шөл», парсы тілінде «жаман» деген мағыналарда қолданылады деген түйін жасауға болады.